Center Image
IHSAN.KZ
«Әл Машани» мешітінде әйелдер жамағаты мәуліт кешін өткізді
«Әл Машани» мешітінде әйелдер жамағаты мәуліт кешін өткізді

Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінде әйел-қыздар жамағатына арналған рухани мәуліт мерекесі өтті. 

Рухани шара мешіт имамы Сайлау Жұмағұлұлының бастамасымен және мешіт ұстазы Бақытгүл Айтқалиқызының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Мерейлі мерекеге жүзге жуық  нәзікжанды жамағат қатысып, құлшылық ордасынан рухани нәр алып қайтты.

Құран аяттарын оқуымен басталған рухани шарада  мешіт имамы Сайлау Жұмағұлұлы  жиналған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтап, Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихынан сыр шертіп, салауат айтудың артықшылығы жайында насихат айтты.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.с) берекеті, қадір-қасиеті, тұлғалық түр сипаты тақырыптарында уағыз айтылып, Таифқа сапар оқиғасының мәні түсіндірілді.

Бұдан кейін Бәрзәнжи мәулітін оқып, Құран хатым дұғасы жасалды. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем-салауаттар жолданды.  

 Кештің бағдарламасы аясында сұрақ-жауап ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға «зәм-зәм» суы тарту етілді.

Мерекелік шара аясында берекелі дастархан жайылды.

Берекелі шара қайырымдылық бағытында жалғасын тауып, Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннетіне амал ету ниетімен ата – ананың қамқорлығынсыз қалып,  әжесінің қарауында отырған  үш балаға қысқы аяқ -киім тарту етілді.

Шара соңында мешіт ұстазы Бақытгүл Айтқалиқызы сөз алып, сауапты шараға қатысқан барша кеш қонақтарына алғысын білдірді.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz