Center Image
IHSAN.KZ
АЛЛАНЫ СҮЙГІЗІП, ЖӘННАТПЕН СҮЙІНШІЛЕТКЕН СҮРЕ
АЛЛАНЫ СҮЙГІЗІП, ЖӘННАТПЕН СҮЙІНШІЛЕТКЕН СҮРЕ

Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадис:  

Пайғамбарымыз ﷺ бір адамды қолбасшы етіп, әскерімен бір соғысқа жіберген еді. Бұл қолбасшы әскеріне имам болып, әр намаз оқытқанында екінші рәкәғатта Ықылас сүресін оқуды әдетке айналдырған. Соғыстан қайтқанда оның бұл әдетін Пайғамбарымызға ﷺ жеткізеді. Алланың елшісі ﷺ:

– Оның не себепті бұлай істейтінін сұраңдар, көрейік! – дейді. Әлгілер де одан бұл әдетінің себебін сұрайды. Ол да:

– Ықылас сүресінде Рахман болған Алланың сипаттары айтылады. Осы себептен де Ықылас сүресін оқуды сүйемін, – деп жауап береді. Оның бұл жауабына Пайғамбарымыз ﷺ:

– Алла Тағаланың оны да сүйетінін оған сүйіншілеңдер, – дейді (Бұхари, Мүслим, Нәсаи).

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадис:

Пайғамбарымызбен ﷺ бірге келе жатқан едім. Бір кезде Пайғамбарымыз ﷺ «Қул һуАллаһу әхад» сүресін (Ықылас сүресі) оқыған бір дауыс естіді де «Парыз болды!» деді. Мен:

– Не парыз болды, уа Алланың Елшісі ﷺ? – деп сұрадым. Пайғамбарымыз ﷺ:

– Жәннат! – деп жауап берді. Пайғамбарымыздың ﷺ бұл жауабын естіп, әлгі Ықылас сүресін оқыған адамға барып сүйінші сұрағым келді. Алайда Алланың Елшісімен ﷺ бірге тамақтану мүмкіндігімді қашырып аламын ба деп қорықтым. Сөйттім де Пайғамбарымызбен ﷺ бірге тамақтануды артық көрдім. Тамақтанып болған соң, әлгі адамды іздедім, бірақ орнынан таба алмадым, кетіп қалыпты.

Әбу Саид әл Һудриден жеткен хадис:
Бір адамның «Қул һуАллаһу әхад» сүресін қайта-қайта оқығанын көрдім. Ертесі күні мұны дереу Пайғамбарымызға ﷺ жеткіздім. Өйткені, әлгі адам оқығанын азсынғандай көрінді. Бұған Пайғамбарымыз  ﷺ:

– Жаным қуаты мен билігінде болған Алланың атымен ант етемін, бұл сүре сауабы жөнінен Құранның үштен біріне тең! – деді.

ЫҚЫЛАС СҮРЕСІ:

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ ﴿١﴾ اللَّهُ الصَّمَدُ ﴿٢﴾ لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ﴿٣﴾ وَلَمْ يَكُن لَّهُ كُفُوًا أَحَدٌ ﴿٤﴾

Мағынасы:

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Расулім ﷺ айт оларға: Ол Алла – жалғыз. Алла – мұңсыз. Әр нәрсе оған мұқтаж. Ол – тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес.

Транскрипциясы:

Бисмилләһир Рахманир Рахиим

Қул һууаллаһу әхәд (1). Аллаһус самәд (2). Ләм йәлид уәләм йууләд (3). Уәләм йәкул ләһу куфууән әхәд (4).

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz